«БАТЫР БАБАЛАРДАН ТАҒЫЛЫМ»
Астана қаласы №51 мектеп-гимназиясында жас ұрпақтың бойында отбасылық құндылықтарды қалыптастыру мен дамытуға бағытталған «Өркендеу» жобасының аясында «Батыр бабалардан тағылым» атты әдеби кеш өтті. Әдеби кешті қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері - Битемір Айнаш Бескемпірқызы, Сенбиева Нұрила Қиясбекқызы, Даулетова Замира Абубакирқызы, Сейфулла Гүлзира Талғатқызы, Сабденова Күлиза Құдайбергенқызы ұйымдастырды.
Кеш қонақтары ретінде Республикалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары, «Құрмет ордені», «Парасат» ордені, «8 медаль» иегері, педагогика ғылымының кандидаты, тарих ғылымының докторы, профессор, академик – Озғанбаев Өмірзақ және «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының орталық аппаратының жастар жобалары бөлімінің меңгерушісі – Өтегенова Айжан Мыңжасарқызы, қоғамдық қор – «Алдаспан» батырлар қорының президенті - Абзулдаева Күлән Тұрысбекқызы, сонымен қатар Астана қаласы бойынша «Жас ұлан» ұйымының атқарушы хатшысы – Шүйгінбаева Дариға қатысты.
Әдеби кеште 7-сынып оқушыларынан құрылған «Мұстафа ауылы» тобының мүшелері аса көрнекті қайраткер Мұстафа Шоқайдың өмірі мен ерен еңбектері туралы білгендерін ортаға салды. Топтың мүшесі 7 «Б» сынып оқушысы Марат Гүлайым «Мария Горина-Шоқай би» монологын мәнерлеп шебер орындады. Сонымен қатар топтың оқушылары «Мұстафа Шоқай – Ташкент гимназиясының шәкірті» атты сахналық көріністі көрсетіп, көрермендердің көзайымына Бақберген, Ерік, Сапарғали, Бекасыл, Гауһарлар сынды оқушылар айналды.
«Бауыржан ауылы» тобы да өз өнерлерін сахнада көрсетті. Оқушылар батыр-жазушы Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерліктері және шығармалары жайында білімдерін байқатты. «Қарт Бауыржан» монологын 7 «Г» сынып оқушысы – Сарыбай Бекасыл тамаша орындады. Көрермендерге «Омыртқадағы оқ» атты сахналық көрініс көрсетілді. Сахналық көріністе Махамбет, Ақбота және Ерасыл асқан шеберлікпен ойнады.
«Мұстафа ауылы» мен «Бауыржан ауылы» топтарының жетекшісі - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Битемір Айнаш Бескемпірқызы болды.
Келесі кезекте, 6-сынып оқушыларынан құрылған «Батырлар» мен «Баһадүрлер» топтарының оқушылары өз өнерлерін көрсетті. Қазақтың Жалаңтөс, Сыпатай, Саурық, Есет, Жанқожа, Қабандай, Бөгенбай, Наурызбай, Жәнібек, Райымбек, т.б. белгілі батырлары туралы білімдерін көрсетті. «Жанқожа» дастанынан үзінді, «Үмбетейдің Наурызбайға арнаған жыры», «Райымбек батырға арнау» шығармаларын мәнерлеп жатқа айтып, топ оқушылары «Абылай хан мен Райымбек батыр» атты сахналық көрініс көрсетті. «Билер» мен «Баһадүрлер» топтарының жетекшілері – Даулетова Замира Абубакирқызы және Сабденова Күлиза Құдайбергенқызы болды.
5-сынып оқушыларынан құралған «Билер» мен «Шешендер» тобы да өздерінің білімдері мен өнерлерін көрсете білді. Топ оқушылары Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Тайкелтір би, Жанқұтты шешен, Саққұлақ шешен, Бөлтірік би, Қанай шешендердің өмірбаяндары мен шешендік сөздерін мәнерлеп жатқа айтудан алдарына жан салмады. «Тайкелтірдің төрелігі», «Үш би» атты сахналық көріністер көрсетілді. «Билер» мен «Шешендер» топтарының жетекшілері - Сенбиева Нұрила Қиясбекқызы, Калкенов Жандос.
Әдеби кеш соңында кеш қонақтары оқушыларға алғыс айтып, мақтау қағаздары мен сыйлықтарын табыс етті. Кешті ұйымдастырушы-қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері - Битемір Айнаш Бескемпірқызы, Сенбиева Нұрила Қиясбекқызы, Даулетова Замира Абубакирқызы, Сейфулла Гүлзира Талғатқызы, Сабденова Күлиза Құдайбергенқызы және сынып жетекшілер Мемлекеттік тілді дамыту қорының алғыс хаттарымен марапатталды.
